2026 жылы елімізде «Бір ел – бір кітап» республикалық акциясы аясында қазақ әдебиетінің көрнекті өкілі, Қазақстанның халық жазушысы Қабдеш Жұмаділовтің «Тағдыр» романы жалпыұлттық оқуға ұсынылды. Осыған орай Көкшетау қалалық ақпараттық кітапхана жүйесінің ұйымдастыруымен «Тарихи жадыны жаңғыртқан жазушы» атты дөңгелек үстел өткізілді.
Шараның мақсаты – жазушының шығармашылық мұрасын насихаттау, «Тағдыр» романы арқылы қазақ халқының тарихи кезеңдерін зерделеу, оқырманның тарихи сана-сезімін қалыптастыру және жастарды кітап оқуға баулу.
Іс-шара барысында қатысушыларға жазушының өмірі мен шығармашылығы туралы ақпарат беріліп, «Тағдыр» романының тарихи-әдеби маңызы кеңінен талқыланды. Романда ХХ ғасырдағы Қытай жеріндегі қазақтардың тағдыры, көші-қон мәселесі, ұлттық болмыс пен еркіндікке ұмтылыс тақырыптары терең көрініс табатыны атап өтілді. Бұл шығарма – жеке адамның ғана емес, тұтас бір халықтың тағдырын бейнелейтін көркем туынды екені айтылды.
Кездесу барысында Көкшетау қалалық ақпараттық кітапхана жүйесінің директоры, ақын-жазушы С. Жетпісқалиев сөз сөйлеп, романның мазмұны мен идеялық ерекшеліктеріне тоқталды. Сонымен қатар, шығарма үзінділері оқылып, көрермен назарына бейнематериал ұсынылды.
Дөңгелек үстел аясында «Өскелең ұрпақ тәрбиесіндегі тарихи шығармалардың рөлі» тақырыбында тарих ғылымдарының кандидаты, доцент Сейітқасымов Аманбай Асылбайұлы баяндама жасап, тарихи әдебиеттің жас ұрпақ санасын қалыптастырудағы маңызын атап өтті.
Шара барысында қатысушылар роман кейіпкерлерінің образдары мен тарихи шындықтың көркемдік шешімін талқылап, өз пікірлерімен бөлісті. «Тағдыр» романы арқылы ұлттық тарихты тану, өткен мен бүгіннің сабақтастығын ұғыну мәселелері кеңінен қозғалды.
Іс-шара соңында қатысушылар кітап оқудың маңыздылығын атап өтіп, мұндай әдеби кездесулердің қоғамдағы рухани құндылықтарды нығайтудағы рөлі зор екенін жеткізді.
