Халқымыздың сан ғасырлық тарихында миллиондаған жазықсыз жандардың қаны мен көз жасына суарылған шерлі беттер аз емес. Солардың бірі де бірегейі - өткен ғасырдың қасіретті кезеңі болған саяси қуғын-сүргін мен ашаршылық зобалаңы.
«Салтанат» сарайы жанындағы қалалық үлгілі кітапхана 31 мамыр - Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күніне орай «Тарих. Тағдыр. Тағылым.» атты тарихи сағат өткізді.
Шараның басты мақсаты жастар бойында тарихи сананы қалыптастыру,Алаш арыстарының есімдерін ұлықтау және Ақмола өңіріндегі азалы жылдар тарихын зерттеумен айналысып жүрген тарихшы-ғалымның еңбектерін насихаттау болып табылды.
Тағылымды шара Ақмола өңіріндегі нәубет жылдарды баяндайтын «Шерлі жылдар шежіресі» деректі фильмімен басталды. Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау университеті ректорының қоғаммен байланысы жөніндегі кеңесшісі, тарих ғылымдарының кандидаты, профессор, тарих және қоғамдық ғылымдар Академиясының академигі, Ақмола облысы әкімдігі жанындағы «Саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау жөніндегі облыстық комиссияның үйлестірушісі» Аманбай Сейтқасымов студенттерге «Кеңестік қуғын-сүргін: тарихы мен тағылымы» жайлы тереңнен ой қозғап, құнды мәліметтер берді.
Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінің әлеуметтік-гуманитарық пәндер кафедрасының лекторы, тарих магистрі Раушан Жусупова ғалымның «1920-1950 жылдардағы Ақмола, Көкше-Есіл, Атбасар өңіріндегі саяси қуғын-сүргін. Тарихы. Зерттелуі.Тағылымы.» атты құнды кітабына мазмұнды шолу жасап, тарихи еңбектің маңызына тоқталды. Жоғары техникалық колледжінің 1-курс студенті Уәли Шәріп «Саяси қуғын - сүргін құрбандары ұрпақ жадында» тақырыбында баяндама жасады.
Кітапханашылар «Ғасыр қасіреті – ел зердесінде» атты кітап көрмесімен таныстырып, жастарды Тәуелсіздік құндылықтарын қадірлеп, туған өлкенің тарихын зерттеген ғылыми әдебиеттерді оқуға шақырды.
Жиын соңында қатысушылар боздақтарды бір минуттық үнсіздікпен еске алды.
