«Өмір сырына үңілген жазушы»
Зағип және нашар көретін азаматтардың қалалық арнаулы кітапханасында қазақ әдебиетінің көрнекті өкілі, Қазақстанның халық жазушысы Қабдеш Жұмаділовтың 90 жылдық мерейтойына арналған «Өмір сырына үңілген жазушы» атты әдеби кеш ұйымдастырылды.
Шараның мақсаты – қаламгердің өмір жолы мен мол әдеби мұрасын насихаттау, оқырман қауымға жазушы шығармалары арқылы ұлттық рух пен тарихи сананы дәріптеу болды.
Әдеби кеш барысында жазушының шығармашылық әлемі кеңінен таныстырылды.Сонымен қатар ақын-жазушылардың арнау өлеңдері оқылды.
Кештің құрметті қонақтары қатарында Қалалық ақпараттық кітапхана жүйесінің басшысы, қаламгер Жетпісқалиев Серік Сапарұлы,жерлес ақын-жазушы Төлекеев Қаратай Байкенұлы; Ш.Уалиханов атындағы Көкшетау университетінің тарих, география және әлеуметтік гуманитарлық пәндер кафедрасының оқытушысы , гуманитарлық ғылымдар магистрі Еркін Баяхметұлы Киккаринов, Көкшетау қаласындағы №9 жалпы орта білім беретін мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Шеңгельбаева Қалима Айтмұқанқызы;Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау университеті жанындағы көпсалалы колледжінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Искендерова Көгершін Жолдыбайқызы болды.
Қонақтар Қабдеш Жұмаділов шығармашылығының қазақ әдебиетіндегі орны туралы тағылымды ой-пікірлерімен бөлісті.
Кеш аясында 2026 жылғы «Бір ел – бір кітап» республикалық акциясы бойынша жазушының “Тағдыр “романы кеңінен насихатталды. Қатысушылар шығармадағы тарихи шындық пен ұлт тағдырының терең бейнеленуіне ерекше тоқталды.
Сондай-ақ №9 жалпы білім беретін орта мектеп 9-10 сынып оқушылары “Дарабоз “романы желісі бойынша дайындалған «Батырға берілген бата» атты сахналық көріністі көпшілік назарына ұсынды.
Шара соңында жазушының шығармалары мен ол туралы зерттеу еңбектерінен құралған кітап көрмесіне шолу жасалып, оқырмандар кітап оқуға шақырылды.
Әдеби кеш көрермендерге рухани әсер сыйлап, Қабдеш Жұмаділов мұрасының өміршеңдігін тағы бір мәрте айқындады.
