«Өмір деген – бір жалт еткен найзағай»
Мұқағали Мақатаев поэзия кеші
Қазақ қалалық үлгілі кітапханасы мен Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау университеті жанындағы көпсалалы колледжінің ұйымдастыруымен қазақ поэзиясының мұзбалақ ақыны Мұқағали Мақатаевтың туғанына 95 жыл толуына орай «Өмір деген – бір жалт еткен найзағай» атты әдеби-сазды кеш өтті.
Тағылымды шараға Ақмола облысының Әдебиет және өнер музейінің ғылыми қызметкерлері, колледж оқытушылары мен студенттері, Көкшетау жоғары медицина колледжінің ұстаздары мен жастары және кітапхана оқырмандары қатысты.
Кеш ақынның жалынды жыр жолдарымен ашылып, қатысушылар поэзия әлеміне терең бойлады. Іс-шара барысында ақынның өмірі мен шығармашылығына арналған бейнеролик көрсетіліп, оның тағдырлы ғұмыры мен әдеби мұрасы кеңінен таныстырылды.
Студенттер «Елің барда», «Үш бақытым», «Мен сені сағынғанда», «Ғашықпын», «Махаббат па?» сынды өлеңдерді мәнерлеп оқыды. Сонымен қатар «Бақыт деген не?» шығармасы бойынша сахналық қойылым көрсетіліп, жастар поэзияны сахна тілімен шебер жеткізді.
Поэзия кешінде «Өмір деген», «Өкінбеймін», «Күрсінбеші», «Фаризаға», т.б өлеңдері оқылып, ақынның өмір мен уақыт жайлы терең толғаныстары оқырмандарға әсерлі түрде ұсынылды. 1973 жылы жазылған «Аққулар ұйықтағанда» поэмасынан қойылған көрініс ананың махаббаты мен табиғатқа құрмет тақырыбын айрықша айшықтады.
Сонымен қатар кітапханада «Өмір деген – бір жалт еткен найзағай» атты кітап көрмесі ұйымдастырылып, оқырмандарға ақынның жыр жинақтары таныстырылды.
Шараның басты мақсаты – Мұқағали Мақатаевтың шығармашылық мұрасын кеңінен насихаттау, оның поэзиясындағы рухани құндылықтарды жас ұрпақ санасына сіңіру болды.
Мұқағали поэзиясы – ұлт руханиятының асыл қазынасы. Ақын мұрасы мәңгі жасай бермек.
