4 мамыр күні Электронды қалалық кітапханада Мұхтар Шахановқа арналған «Менде өмірден кетермін» атты поэзия кешi өтті.
Іс-шараның негізгі мақсаты – жастар арасында ақын поэзиясын насихаттау, рухани құндылықтарды дәріптеу және әдебиетке деген қызығушылықты арттыру болды.
Аталған іс-шараға Ш.Уалиханов атындағы Көкшетау университетінің және «Темірқазық» әдеби ұйымының студенттері және № 2 мектептің 10 сынып оқушылары қатысып, әдеби ортада өз белсенділіктерін таныта білді. Кеш қонақтары Қазақстан жазушылар одағының мүшесі Қуаныш Оспан және Көкшетаулық ақын, жазушы Мерген Тоқсанбай Мұхтар Шахановтың поэзиясын оқып, жастарға ақын шығармаларының терең мағынасы, ұлттық рухты қалыптастырудағы рөлі және жастар тәрбиесіндегі маңызы туралы өз ойларымен бөлісті.
Кеш өзгеше атмосферада түндігін түрді. Әсіресе Электронды кітапхана ішіндегі әдемі безендіріліген шағын сахна, жерге төгілген қызғалдақтар, жыр шумақтары, Мұхтар Шахановқа арналған көрме, ашық хаттар, сері жігіттер мен сымбатты сұлу қыздар салтанатты кештің сұлулығын ашып, көркін қыздыра түсті.
Әдеби орта өкілдері жастарды кітап оқуға, ана тілді құрметтеуге және рухани құндылықтарды сақтауға шақырды. Кеш соңында қатысушылар естелік суретке түсіп, ұйымдастырушылар қонақтарға алғыс білдірді.
