3 наурыз күні қазақ қалалық үлгілі кітапханасында көктемнің ең көрікті мерекелерінің бірі – Халықаралық әйелдер күні қарсаңында «Қыздарға әсемдік жарасады» атты сырласу кеші ұйымдастырылды.
Мақсаты: жас ұрпақтың бойына аналарға, қыз-келіншектерге деген құрмет пен ізеттілікті қалыптастыру, заманауи қазақ қызының тұлғалық бейнесін айқындау, ұлттық құндылықтар мен рухани тәрбиені дәріптеу.
Шараға Облыстық Аналар кеңесінің төрайымының орынбасары Касымова Махаббат Мұратқызы, Қалалық Аналар кеңесінің белсенді мүшесі Беккажанова Сая Қуанышбекқызы, «Сенімен болашақ» республикалық қоғамдық бірлестігінің Ақмола облыстық филиалының басшысы Нұрмағамбетова Айгүл Қайратқызы, № 10 жалпы білім беретін мектеп психологі Кагарманова Нурланар Кавказовна, Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау университеті жанындағы көпсалалы колледжінің студенттері, кітапхана оқырмандары мен қала жастары қатысты.
Шара аясында қатысушылар арасында еркін пікір алмасу, тағылымды кеңестер айтылып, Мұқағали Мақатаевтың «Бақыт деген не?» өлеңі негізінде дайындалған көріністі тамашалады. Психолог Кагарманова Нұрланар Кавказовна қыз балаларға арналған психологиялық тренинг өткізіп, өзін-өзі тану мен эмоционалдық сауаттылықтың маңызын түсіндірді. Сонымен қатар кітапхана қызметкерлері әйел-ананың болмысы, қыз тәрбиесі және ұлттық құндылықтар туралы әдебиеттерге шолу жасап, арнайы ұйымдастырылған кітап көрмесін таныстырды.
Тағылымға толы бұл кездесудің әсері ерекше болды. Рухани құндылықтарды дәріптеген сырласу кеші жастардың жүрегінде ізгілік пен парасаттың дәнін сеуіп, қыз баланың қоғамдағы қадір-қасиетін тағы бір мәрте айқындай түсті.
