Оқырмандарға адамзат тарихындағы ең ірі техногендік апат - Чернобыль атом электр станциясындағы жарылыс туралы мәлімет беру, апатты ауыздықтауға қатысқан қаһармандардың ерлігін насихаттай отырып, жастарды отансүйгіштікке, төзімділікке және қоршаған ортаны қорғауға тәрбиелеу мақсатында «Салтанат» сарайы жанындағы қалалық үлгілі кітапхана «Чернобыль апаты - ғасыр зұлматы» тақырыбында тарихи сағат өткізді.
Чернобыль ардагері Баудинов Шалқарбек Кенжебайұлы апат орнындағы жойқын радиациямен арпалысып, өмірін қатерге тіккен ликвидаторлардың ерен еңбегі жайлы әңгімеледі. Ол «Чернобыль апаты - бұл тек бір елдің ғана емес, бүкіл адамзаттың қасіреті. Бұл оқиға бізге табиғат пен технология арасындағы тепе-теңдікті сақтаудың қаншалықты маңызды екенін ұғындырды», деді әңгіме барысында.
Тарихи сағат барысында кітапханашы қатысушыларға тақырыпқа байланысты бейнеролик көрсетіп, кітап көрмесіне шолу жасады. Азаматтық қорғаныс көпсалалы жоғары колледжінің студенттері өз ойларымен бөлісті. Олар бейбіт күннің батырларын ұмытпау - бүгінгі ұрпақтың борышы екенін түсінді.
